AIU Құқық жоғары мектебінің профессоры Еуропаның жетекші университеттерінде халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту бойынша жұмыс кездесулерін өткізді









2026 жылғы 24–29 мамыр аралығында Astana International University Жоғары құқық мектебінің профессоры, заң ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының бұрынғы судьясы Марат Амрадинұлы Аленов Нидерланд Корольдігіндегі Маастрихт университетінде және Польша Республикасындағы Варшава университетінде ғылыми-академиялық тағылымдамадан өтті.
Іссапардың негізгі мақсаты Astana International University докторанттарының диссертациялық зерттеулеріне бірлескен ғылыми жетекшілік ету (co-supervision) тетіктерін дамыту, халықаралық ғылыми байланыстарды нығайту және академиялық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындау болды. Жұмыс кездесулері барысында университеттер арасындағы ғылыми әріптестікті кеңейту, халықаралық ғылыми жобаларды бірлесіп жүзеге асыру, профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту, сондай-ақ докторантура бағдарламалары аясында ғылыми кадрларды даярлау сапасын арттыру мәселелері талқыланды.
Варшава университетіне сапар аясында заң факультетінің профессоры, PhD докторы Ярослав Турлуковскиймен кездесу өтті. Кездесу барысында AIU докторанттарының ғылыми зерттеулеріне шетелдік ғалымдарды тарту, бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру, халықаралық рецензияланатын басылымдарда ғылыми мақалалар жариялау, сондай-ақ екі жоғары оқу орны арасындағы институционалдық серіктестікті одан әрі нығайту перспективалары қарастырылды.
Сонымен қатар профессор М.А. Аленов шетелде ғылыми тағылымдамадан өтіп жүрген Astana International University докторанттары Фариза Абугалиева және Әділ Ақпанмен жұмыс кездесуін өткізді. Кездесу барысында олардың диссертациялық зерттеулерінің қазіргі нәтижелері, ғылыми жарияланымдарды дайындау мәселелері, зерттеу қызметінің болашақ бағыттары және ғылыми нәтижелерді халықаралық академиялық кеңістікке енгізу тетіктері талқыланды.
Өткізілген кездесулер мен келіссөздер Astana International University-дің ғылыми қызметін интернационалдандыруға, Еуропаның жетекші жоғары оқу орындарымен академиялық байланыстарды кеңейтуге және құқық саласындағы PhD докторларын даярлау бағытындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді.
Бөлісу:
Фотогалерея





