Еліміздегі 12 сәуірде ғылыми қызметкерлер күнін атап өту қарсаңында Астана Халықаралық университетінің балалар университетінде ғалымдардың оқушылармен кезекті кездесуі өтті

2024 ж. 16 сәу., сс, 10:59

Еліміздегі 12 сәуірде ғылыми қызметкерлер күнін атап өту қарсаңында Астана Халықаралық университетінің балалар университетінде ғалымдардың оқушылармен кезекті кездесуі өтті. Жұмыс жоспарына сәйкес мектепте 5-сынып оқушыларын біздің өміріміздегі судың маңыздылығымен және оның қоршаған ортаға әсерімен тереңірек таныстыруға арналған "су әлеміне саяхат" тақырыбында ғылыми-зерттеу іс-шарасы өткізілді. Шараның мақсаты – студенттердің биология, химия, физика, математика және информатика салаларында алған білімдерін пәнаралық оқытуда және практикалық тұрғыда қолдануда көмек беру. Аталмыш іс-шара сонымен қатар жастар арасында сыни ойлауды, зерттеу дағдыларын және экологиялық жауапкершілікті сезінуді дамытуға бағытталған.

Астана қ. №78 мектеп-гимназиясының 5-сыныпта білім алатын 32 оқушысы суды зерттеуге байланысты белгілі бір ғылыми пәнге арналған 5 зерттеу станциясына барып, 50 минут бойы топтық жұмыс атқарды. Әр станцияда оқушылар педагогикалық институттың ғалымдары мен студенттерінің жетекшілігімен эксперименттер мен тапсырмаларды орындауға 10 минут жұмсады. Іс-шара соңында қатысушылар су ресурстарын сақтау бойынша өз қорытындыларымен және ұсыныстарымен бөлісті.

Ғалымдардың мектеп оқушыларымен осы кездесуінің өтетін күні, яғни 2024 жылдың 11 сәуірі кездейсоқ таңдалмады.  Еуропалық EUCUNET желісі тарихта алғаш рет бұл күнді "Халықаралық балалар университеттері күні"деп жариялады.

Бұл іс-шара оқушылар үшін маңызды және танымдық тәжірибе болып қана қоймай, олардың табиғи ресурстарды пайдалануға жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға ықпал етеді деп сенеміз.



316