Швецияның Қазақстандағы Елшісі Эва Полано AIU-ға келді

2025 ж. 19 нау., ср, 09:13

📍Бүгін Astana International University-ге мәртебелі қонақтар – Швецияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ева Полано мен Елшілік тағылымдамашысы Агнес Содерблад келді. Бұл сапар университетіміз үшін маңызды оқиғаға айналып, халықаралық ынтымақтастық пен академиялық ұтқырлықты нығайтуға жаңа көкжиектер ашты.

🖇️ Кездесу барысында ханым Полано кәсіби және жеке тәжірибесімен бөлісіп, 26 жасында басталған және үш онжылдықтан астам уақыт бойы жалғасып келе жатқан дипломатиялық жолы туралы айтып берді. Оның әлемнің түрлі елдеріндегі елшіліктердегі жұмыс тәжірибесі жаһандық мәселелерді шешуде халықаралық байланыстардың маңыздылығын айқындайды. Қазақстанда ол білім беру бағдарламаларын дамытуға, швед бизнесін қолдауға, экологиялық бастамаларға, сондай-ақ денсаулық сақтау мен қалалардың тұрақты дамуына ерекше назар аударады.

📚 Диалог барысында Қазақстан мен Швеция арасындағы білім беру серіктестігінің перспективаларына ерекше көңіл бөлінді. «Болашақ» бағдарламасы бойынша 130-дан астам қазақстандық студент швед жоғары оқу орындарында білім алғаны академиялық ұтқырлыққа деген жоғары қызығушылықты көрсетеді. Талқылау кезінде бірлескен ғылыми зерттеулер, инновациялар мен кәсіпкерлік саласындағы тәжірибе алмасу, сондай-ақ академиялық байланысты нығайту бағыттары айқындалды.

📚 Тағы бір маңызды тақырып – биология, химия, физика және АКТ пәндерін ағылшын тілінде оқыту тәжірибесін енгізу мәселесі болды. Ханым Полано Қазақстанның жаһандық білім кеңістігіне интеграциялануы үшін бұл бастаманың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, осындай бағдарламаларды сәтті жүзеге асыру үшін білікті оқытушыларды даярлау қажеттілігі талқыланды.

✅ Латын әліпбиіне көшу, білім берудің гендерлік теңдікті қамтамасыз етудегі рөлі және жастар бастамаларын қолдау сияқты ауқымды мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Бұл бағыттардағы швед тәжірибесі AIU үшін үлкен қызығушылық тудырады, өйткені университет әлемдік үздік тәжірибелерді ескере отырып, заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға ұмтылады.

🌐 Шағын және орта бизнесті қолдау арқылы экономикалық дамуды қамтамасыз ету – талқыланған тағы бір маңызды тақырып. Қонақтар инженерлік білімге инвестиция салу, инновацияларды дамыту және микроқаржыландыру жас қазақстандық кәсіпкерлердің әлеуетін ашудың негізі бола алатынын атап өтті.

▶️ Ғылыми жетістіктер туралы пікірталас ерекше шабыт берді, онда Альфред Нобель швед кәсіпкерлігі мен инновацияларының символы ретінде аталып өтті. Болашақта әлемдік деңгейде мойындалатын қазақстандық ғалымдарды тәрбиелеу идеясы кездесуге қатысушылардың қызу қолдауына ие болды.

📌 Astana International University ханым Полано мен ханым Содербладқа сапары, жемісті диалогы және болашақ ынтымақтастыққа ашықтығы үшін алғыс білдіреді. Мұндай кездесулер академиялық байланыстарды нығайтып қана қоймай, AIU студенттері мен оқытушылары үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, халықаралық серіктестіктің берік негізін қалайды.


471