2025 жылғы 23 сәуірде Астана халықаралық университетінде "AIU-2025: Қазақстан және халықаралық білім кеңістігі: болашақ үшін әріптестік" атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында Қазақстандағы Балалар Университеттері желісін дамыту тақырыбы бойынша дөңгелек үстел өтті. Іс-шара гибридті форматта — дәстүрлі түрде (Астана қ., 1-ші корпус, 207-аудитория) және онлайн (Zoom платформасы) өткізілді.
Дөңгелек үстелдің модераторы — педагогика ғылымдарының кандидаты, Астана халықаралық университеті Педагогикалық институтының "Информатика" білім беру бағдарламасының жетекшісі Дамекова Сауле Қайроллақызы болды.
Дөңгелек үстел жұмысына химия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Болысбекова Салтанат Манарбекқызы, сондай-ақ AIU Балалар Университетінің химия, физика, математика, биология, география бағыттарының жетекшілері, Педагогикалық институт директорының орынбасары PhD Каримова Гүлім Сайлаубекқызы қатысты, AIU "Ағылшын тілі" білім беру бағдарламасының жетекшісі Акимханова Алия Амнгельдіқызы.
Қатысушыларды құттықтау сөзбен педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, Педагогикалық институт директоры Ахмадиева Жанна Қуанышқызы қарсы алды.
Дөңгелек үстел аясында баяндама жасағандар:
• Jolanta Rozowska, Еуропалық Балалар Университеттері желісінің президенті (Польша) — Польшадағы Балалар Университеттерінің дамуы туралы;
• Навий Лиза, педагогика ғылымдарының кандидаты, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің доценті (онлайн) — жаһандық құзыреттілікті қалыптастыру жағдайында Балалар Университетінің ұйымдастырылуы туралы;
• Дамекова Сауле Қайроллақызы — ашық білім беру форматында AIU Балалар Университетінің тәжірибесін таныстырды.
Еркін пікірталас барысында Ш. Уәлиханов атындағы КУ Балалар Университетінің жетекшісі, химия ғылымдарының кандидаты Нұрмұханбетова Н.Н. сөз сөйлеп, стратегиялық басымдықтарды атап өтті: эксперименттік үлгілерден Балалар Университеттерін университет пен өңірлік даму экожүйесіне жүйелі түрде біріктіруге көшу қажеттігін айтты.
Даму бағыттары талқыланды: білім беру бастамаларын ғылыми негіздеу, студенттерді тарту арқылы жобалық оқыту, әзірленген жобаларды тұрақты форматтарға көшіру және білім беру өнімдерін коммерцияландыру.
Қатысушылар жоғарыда аталған бағыттарды университеттердің стратегиялық даму жоспарларына енгізу және жобаларды іске асырудың бастапқы кезеңінде қаржылай қолдау көрсету туралы бастамамен бірлескен үндеу дайындады.