2025 жылғы 12 мамырда Astana International University президенті Серік Азтаевич Ирсалиев Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Taldau» Білім беру сапасын бағалау және зерттеу ұлттық орталығы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды.
«Taldau» — Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне қарасты білім беру саласындағы жетекші ұлттық талдау және бағалау орталығы. Орталық мемлекеттік білім беру саясатын жан-жақты аналитикалық сүйемелдеумен, білім беру жүйесінің жай-күйі мен даму барысы туралы жыл сайынғы Ұлттық баяндамаларды әзірлеумен, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық салыстырмалы зерттеулерге қатысуын үйлестірумен айналысады, атап айтқанда:
🔹 ЭЫДҰ бағытында — PISA, PIAAC, TALIS, PISA for Schools
🔹 IEA бағытында — TIMSS, PIRLS, ICILS
«Taldau» қызметінің негізгі бағыттарына сондай-ақ Ұлттық білім беру деректер базасын (ҰБДБ) сүйемелдеу және дамыту, халықаралық ұйымдармен бірлесіп елдік шолулар жүргізу, білім саласындағы ғылыми зерттеулер және білім беру ортасын цифрлық трансформациялау бойынша сараптамалық қолдау кіреді.
2011 жылы құрылған сәттен бастап, әсіресе 2014 жылы өкілеттіктері кеңейтілгеннен кейін, «Taldau» білім беру саласындағы стратегиялық шешімдер қабылдауға арналған дәлелді база қалыптастыруда маңызды рөл атқарып келеді. Орталық ғылыми ұйым ретінде аккредиттелген және ЭЫДҰ мен Дүниежүзілік банк секілді халықаралық құрылымдармен тығыз ынтымақтастық орнатқан.
Университетіміздің президенті Серік Азтаевич Ирсалиевтің бұл лауазымға тағайындалуы — оның кәсіби біліктілігі мен көшбасшылық тәжірибесіне көрсетілген жоғары сенімнің айқын дәлелі. Ол орталықтың негізін қалауға атсалысып, 2010 жылы оның институционализациялау процесіне белсенді қатысқан, ал 2013–2017 жылдары аралығында «Taldau» орталығын президент ретінде басқарған. Сол жылдары орталықтың аналитикалық және ұйымдастырушылық негіздері қаланды.
Astana International University ұжымы Президентімізді жаңа қызметімен шын жүректен құттықтайды және оның басшылығымен «Taldau» сапалы, ашық әрі нәтижеге бағытталған білім беруді дамытуға зор үлесін жалғастыра беретініне сенімді.