2025 жылғы 10-11 маусым
Астана, Astana International University
Astana International University (AIU) «Су
тасқыны мен басқа да табиғи апаттардың қауіптерін зерттеу, болжау және бағалау
үшін жүйелік талдау әдістері мен модельдері» тақырыбындағы халықаралық ғылыми
конференцияның бірінші күнін қабылдайтын алаң болды. Іс-шараны ұйымдастырушы –
«Астана» Халықаралық ғылыми кешені (ХҒК «Астана»). Конференция Халықаралық
қолданбалы жүйелік талдау институты (IIASA, Австрия), Ресей ғылым академиясы
(РҒА), Халықаралық жүйелік талдау қауымдастығы (ISCA) және AIU қолдауымен өтті.
Конференция Қазақстан,
Ресей, Австрия, Қытай, Пәкістан, Нидерланд, Испания және Франциядан келген
жетекші ғалымдар мен мемлекеттік және жеке ұйымдардың өкілдерін біріктірді. Іс-шараның мақсаты – табиғи тәуекелдерді
басқару саласындағы заманауи ғылыми және практикалық тәсілдерді талқылау және
халықаралық ынтымақтастықты нығайту.
AIU президенті Серік
Ирсалиев қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеп, жүйелік талдаудың орнықты даму мен
климаттық қатерлерден қорғаудағы маңызын атап өтті. Сондай-ақ IIASA профессоры
Вольфган Лутц, РҒА өкілі Е.О. Луппов және басқа да көрнекті ғылыми қайраткерлер
сөз сөйледі.
Қазақстандық тәжірибеге
ерекше назар аударылды – атап айтқанда, 2024 жылғы көктемгі су тасқындарын
талдау және TALSIM-NG моделін тәуекелдерді бағалау мен басқаруға қолдану. Бұл
туралы ҚР Су ресурстары жөніндегі ақпараттық-талдау орталығының басқарма
төрағасы К.С. Хайрулла баяндады.
Мәскеу мемлекеттік
университетінің Құрлық гидрологиясы кафедрасының меңгерушісі профессор Н.Л.
Фролова «Су тасқыны қаупін жаһандық, өңірлік және жергілікті деңгейде бағалау»
тақырыбында баяндама жасап, көпдеңгейлі тәсілдің маңыздылығына назар аударды.
Халықаралық ұйым
өкілдерінің баяндамалары да ерекше қызығушылық тудырды. Атап айтқанда, ЕҚЫҰ-ның
табиғи апаттар қаупін азайту және су қауіпсіздігін қамтамасыз ету жобаларының
үйлестірушісі Н. Нуртаза, сондай-ақ ҚР ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу
комитетінің төрағасы С.Т. Жүнісбеков жүйелік талдау мен нақты болжаудың тиімді
мемлекеттік әрекет ету стратегиясының негізі екенін атап өтті.
Ғылыми бағдарлама аясында 20-нан
астам баяндама ұсынылып, олар математикалық модельдеу, осалдықты бағалау және
бейімделу стратегияларын әзірлеу тақырыптарын қамтыды. Талқылау барысында қатысушылар белсенді пікір
алмасып, тәжірибе бөлісті.
Екінші күні қатысушылар Астана контррегуляторына барып, ҚР
Су ресурстары және ирригация министрлігінің Ақпараттық-талдау орталығының
қызметімен танысты.