Формальді және формальді емес білім дегеніміз не?

2022 ж. 28 қыр., ср, 12:40

Қазір формальді және формальді емес білім туралы көп естиміз. Бұл білім берудің қандай категориялары? Ол адамдар үшін қаншалықты қажет және маңызды? Осы сауалдарға жауап алу үшін Астана халықаралық университетінің бірінші вице-президенті Анар Базарқызы Мырзағалиеваға жүгіндік.

- Анар Базарқызы, сәлеметсіз бе! Формальді және формальді емес білім немесе оқыту дегеніміз не, ол қалай ерекшеленеді?

Қазіргі уақытта білім беру саласы өте ауқымды және ол жіктеудің бірнеше түрін қарастырады. Барлық деңгейлер мен форматтарды біріктіретін классификацияның қазіргі нұсқасы білім беру триадасы болып табылады, оған: формальді және формальді емес, информальді білім кіреді. Білім беру қызметінің аталған түрлерінің анықтамалары ЮНЕСКО-ның 2011 жылғы Білім берудің халықаралық стандартты классификациясында (ББХСК) берілген.

Формальді білім беру – бұл «жүйелі, мақсатты түрде» жүзеге асырылатын жалпы білімнен жоғары білімге дейінгі әртүрлі деңгейдегі бағдарламалар. Оны белгілі бір атқарушы орган жоспарлап, ұйымдастырады және басқарады, оқу орындарымен (мектеп, колледж немесе университет) жүзеге асырылады. Формальді білім беру белгілі бір біліктілікке қол жеткізуге бағытталған және оны аяқтағаннан кейін аттестат немесе диплом түрінде алған білімі туралы құжат беріледі. Әдетте, тек осы біліктілік білім алушыға келесі деңгейге (мысалы, мектеп – колледж; мектеп – университет) өтуге және алған мамандығы бойынша жұмыс істеуге құқық береді.

Формальді емес білім беру – өте ауқымды категория, ол ресми білім беру жүйесіне қатысты барлық баламалы немесе қосымша курстарды, тренингтер мен бағдарламаларды қамтиды. Оларды мамандандырылған ұйымдар да жоспарлап, жүзеге асыра алады, нәтижесінде бітірушіге курсты аяқтағаны туралы куәлік немесе сертификат табысталады. Формальді білім беруден айырмашылығы, бейресми білім берудің түлегі келесі білім деңгейіне өтуге мүмкіндік беретін біліктілікке ие болмайды. Бұл білім беру саласының ең маңызды бөлігі, мұнда адам қосымша дағдылар мен құзіреттіліктерді ала алады.

Информальді оқыту алдыңғы екі оқытудан алдын ала арнайы ұйымдастырылудың, құрылымдылықтың жоқтығымен ерекшеленеді. Оны адамның өзі, отбасы немесе басқа да бір бірлестік жоспарлауы мүмкін. Бұл білім алу жұмыс орнында, үйде, күнделікті өмірде үздіксіз жүреді, ол  өзін-өзі оқыту, өзін-өзі тәрбиелеу категориясына жатады. Информальді білім берудің нәтижелері құжатпен немесе біліктілікпен дәлелденбейді.

– Формальді емес білім кімге пайдалы және оның артықшылығы неде?

Формальді емес білім беру мектеп оқушыларынан бастап зейнет жасына дейінгі барлық жастағы адамдарға пайдалы. Формальді емес білім берудің артықшылығы – оқытудың тиімділігі, қолжетімділігі және еріктілігі. Білімнің бұл санаты кез келген адамға қолжетімді және формальді емес оқыту әдістерінің көмегімен адам өмір бойы оқи алады.

Формальді емес білім беру арқылы жоғары білімі бар және өз мамандығы бойынша жұмыс істейтін адамдар белгілі бір үзілістен кейін жұмысқа қайта оралу арқылы біліктілігін арттыра алады, мысалы, бала күтімі бойынша демалыстан кейін немесе ұзақ мерзімді сырқаттанудан кейін өз білімін бос уақытында жаңарта алады. Студенттер оқу жоспарында қарастырылмаған қосымша курстарды меңгере алады, аға буын өкілдері жаңа технологияларды меңгере алады және т.б. Формальді емес білім алу университетте жоғары білім алуға қарағанда арзанырақ. Тағы бір айта кеткім келетін артықшылығы – графиктің икемділігі және қосымша табыс алу мүмкіндігі.

– Астана халықаралық университетінде формальді емес білім ескеріледі ме және оқытудың сол түрі жүзеге асырала ма?

Астана халықаралық университеті Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2018 жылғы 28 қыркүйектегі «Формальды емес білім беретін, танылған ұйымдардың тізбесіне енгізілген ұйымдар беретін формальды емес білім арқылы ересектер алған оқу нәтижелерін тану қағидаларын бекіту туралы» №508 бұйрығына және Астана халықаралық университетінің «Формальді және формальді емес білім беру ұйымдарының оқыту нәтижелерін тану тәртібі туралы» ережесіне (Е АХУ 002-20) сәйкес жұмыс жасайды. Студенттердің формальді емес білім беру арқылы игерген білімдері есепке алынып, білім алуды растайтын құжаттарына енгізіледі. 

Сондай-ақ, Астана халықаралық университеті студенттерге, қызметкерлерге және қосымша білім аламын деген азаматтардың барлығына формальді емес білім беруді жүзеге асырады. Университетте біліктілікті арттыру және қайта даярлау курстары, білім алушылар мен студенттер үшін жазғы және қысқы мектептер, университет қызметкерлері мен профессорлық-оқытушылық құрам үшін түрлі тренингтер өткізіледі.


– Анар Базарқызы, бүгін сізбен сұхбаттасқаныма қуаныштымын. Білім санаттары туралы, атап айтқанда формальді емес білім туралы ақпарат бергеніңіз үшін үлкен рақмет, ақпарат оқырмандарымыз үшін пайдалы деп ойлаймын және олардың формальді емес білім алуға деген қызығушылықтарының туындайтындығына сенімдімін. 


Видеолекция "Преимущества неформального образования" - https://www.facebook.com/watch/?v=1203788556833562&ref=sharing


3389