ҚҰҚЫҚ ЖОҒАРЫ МЕКТЕБІНІҢ СТУДЕНТТЕРІ АШЫҚ СОТ ОТЫРЫСЫНА ҚАТЫСТЫ

2024 ж. 16 сәу., сс, 04:15

2024 жылдың 15 сәуірінде Астана халықаралық университеті Құқық жоғары мектебінің студенттері аға оқытушы Ж.Д. Сеилхановпен бірге Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотының ашық сот процесіне қатысты. Қазіргі уақытта студенттер ҚР Қылмыстық құқық пәні бойынша халықтың денсаулығы мен адамгершілікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар тақырыбын өтуде. Осыған сәйкес сотта «Н» атты айыпталушыға қатысты, ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 2 б. «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» және 297-баптың 3 б. «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша аса ауыр қылмыстық іс сот отырысында қаралуда.   

Осы сот отырыстарының шеңберінде студенттер сот отырысын өткізу тәртібімен танысты: отырысты ашу; соттың тараптарға олардың процестік құқықтарын түсіндіруі; тараптардың өтінішхаттар ұсынуы; прокурордың күдіктіге (айыпталушыға) қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын сайлау (ұзарту) қажеттілігі туралы сөйлеген сөзі, адвокаттың, сондай-ақ өзге де қатысушылардың сөйлеген сөзі. Сонымен қатар, студенттер заңгерлердің жұмысында Кәсіби этиканың қандай рөл атқаратынын көрді.



288