2025 жылғы 25 маусым
мен 9 шілде аралығында AIU, UIBE (Пекин) және Jiangsu Ocean University (JOU,
Ляньюньган) университеттері арасындағы серіктестік аясында «Халықаралық бизнес»
қос дипломды білім беру бағдарламасы студенттеріне арналған жыл сайынғы жазғы
мектеп ұйымдастырылды. Жазғы мектеп бағдарламасы
білім беру, мәдени және практикалық блоктардан тұрды және халықаралық
академиялық ынтымақтастықты нығайтуға, студенттердің кәсіби құзыреттері мен
тілдік дайындықтарын дамытуға бағытталды.
Жазғы мектеп Пекин
қаласында басталды, онда студенттер Қытай астанасының мәдени нысандарымен
танысып, Тілдік білім беру және ынтымақтастық орталығына барды. Одан әрі
бағдарлама Ляньюньган қаласында жалғасын тапты, мұнда трансшекаралық
электрондық коммерция, цифрлық маркетинг, өнімдерді жылжытуда тікелей эфирлер
мен жасанды интеллектіні пайдалану, видеоконтент жасау және нақты e-commerce
кәсіпорындарының жұмысын зерттеу тақырыптарына арналған дәрістер, шеберлік
сабақтары мен практикалық жұмыстар өткізілді. Бағдарлама аясында командалық жұмыс, креативті ойлау және
мәдениетаралық коммуникация дағдыларын дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Бұл
бағытта топтық жобалар, спорттық іс-шаралар және күнделікті практикалық қытай
тілі сабақтары маңызды рөл атқарды. Бағдарлама қорытынды жобаларды қорғау,
халықаралық жастар диалогы және сертификаттар тапсыру рәсімімен аяқталды.
Жазғы мектепке қатысу
студенттерге халықаралық бизнес саласындағы білімдерін кеңейтуге, электрондық
коммерция бойынша құнды тәжірибе алуға, сондай-ақ ағылшын және қытай тілдерін
меңгеру деңгейін арттыруға мүмкіндік берді. Келесі жылғы жазғы мектепке қатысатын
студенттерімізді асыға күтеміз!