Ядролық қарусыздану және халықаралық медиациялық хаб мәселелері бойынша сараптамалық кездесу

2025 ж. 25 қыр., бс, 11:29

  Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2025–2027 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру бағдарламасы аясында 2025 жылғы 24 қыркүйекте ZOOM платформасында ядролық қарусыздану және қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеу мәселелеріне арналған сараптамалық кездесу өтті.

  Кездесу AP26100031 «Халықаралық медиациялық хаб қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеу және ядролық қарусыздану құралы ретінде: Қазақстан және шетел елдерінің тәжірибесі» атты ғылыми жоба шеңберінде ұйымдастырылды.

  Іс-шараны ғылыми жобаның жетекшісі, PhD Шолпан Саймова ашып, жаһандық қауіпсіздік саласында ұлттық және халықаралық зерттеу күн тәртібін дамыту маңызды екенін атап өтті.

  Жұмысты модератор ретінде аға ғылыми қызметкер, заң ғылымдарының кандидаты Иржанов А.С. жүргізді. Ол өз баяндамасында Халықаралық медиациялық хаб тұжырымдамасын ұсынып, оны мемлекетаралық дауларды медиациялау және ядролық қарусыздану саласындағы бастамаларды ілгерілету алаңы ретінде қарастырды. Сонымен қатар, оның ықтимал қызмет бағыттары, алдын ала құрылымы және жаһандық қауіпсіздік жүйесіндегі рөлі таныстырылды.

  Аға ғылыми қызметкер Болат А.А. ядролық қарусызданудың теориялық аспектілерін талдады. Тәуелсіз халықаралық сарапшы Тайнов А.З. және «Халықаралық қауіпсіздік және саясат орталығы» ҮЕҰ директоры Ахметов А.Т. пікірталасқа қатысып, жобаның өзектілігі мен маңыздылығын атап өтті.

  Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар Халықаралық медиациялық хаб құру бастамасы сенімді нығайтуға, қақтығыстарды бейбіт жолмен шешудің тетіктерін дамытуға және ядролық қарусыздануды ілгерілетуге бағытталған жаһандық күн тәртібіне толық сәйкес келетініне назар аударды. Бұл ретте Қазақстан дәстүрлі түрде белсенді ұстанымға ие.

Осы тақырып бойынша ұсыныстарыңыз болса және сараптамалық талқылауға қатысқыңыз келсе, оларды sultan.panov.04@gmail.com электрондық поштасына жолдай аласыз.


228