2025 жылғы Халықаралық олимпиададағы химиктердің жетістігі

2025 ж. 24 қаз., жм, 09:21

15–17 қазан аралығында Түрікменстанның Ашхабад қаласындағы Махтумқұлы атындағы Түрікмен мемлекеттік университетінде жоғары оқу орындарының студенттері арасында IV Халықаралық химия олимпиадасы өтті. Олимпиада жеке жарыс түрінде ұйымдастырылды. Біздің университеттің студенттері ғылыми бағыттағы студенттермен тең дәрежеде А санаты бойынша бақ сынады.

Екінші жыл қатарынан осындай халықаралық деңгейдегі олимпиада мен конференцияға қатысқан Каиров Нурлан (7М01503 – «Химия» мамандығының 1 курс магистранты) және Акрамов Асланбек (6В01503 – «Химия» мамандығының 2 курс студенті) қола медаль иегерлері атанып, жеке есеп бойынша III орынды иеленді. Осылайша, біздің команда соңғы 4 жыл ішінде барлығы 9 медаль жеңіп алды: Каиров Нурлан («2025 жылдың үздік студенті» атағының иегері) – 3 күміс және 2 қола, Кали Асанали – 1 күміс, Акрамов Асланбек – 1 күміс және 2 қола медаль.

Олимпиадаға Ресей, Румыния, Қытай, Қазақстан, Калмыкия, Италия, Иран, Ұлыбритания, Әзербайжан, Армения, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен 24 шетелдік жоғары оқу орнынан 250-ден астам студент және 23 түрікмен университетінен 150 студент қатысты. Қазылар алқасына Түрікменстан мен шетел профессорлары, сондай-ақ Жапониядан келген тәуелсіз сарапшылар кірді. Олимпиадалық тапсырмалар 5 пән бойынша ғылыми әрі күрделі деңгейде дайындалған және оларға 4 сағат уақыт берілді (2024 жылғы олимпиадада 8 сағат бөлінген болатын).

Студенттер сонымен қатар «Химияны оқыту әдістемесін жетілдірудегі инновациялық технологиялардың рөлі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда баяндама жасап, халықаралық сертификаттарға ие болды.

Биылғы олимпиаданың ерекшелігі – біздің университет тарихта алғаш рет олимпиада ашылу салтанатын қазақстандық қатысушы Каиров Нурланға тапсыру және жабылу рәсімін AIU университетіне сеніп тапсыру болды.

Халықаралық олимпиадалар студенттер арасындағы достық қатынасты нығайтып, жастарға химия саласындағы заманауи әлемдік тәжірибемен танысуға және кәсіби дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.

21.10.2025 жылы біздің команда жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті. Құттықтау сөзін Бірінші вице-президент Анар Базарқызы, Педагогикалық институт директоры Жанна Қуанышқызы, кафедра меңгерушісі Ерлан Сырымұлы және профессор Бинұр Хабасқызы айтты. Студенттер AIU Президенті Серік Азтаевич Ирсалиевтің атынан алғыс хаттармен және сыйлықтармен марапатталды.

Қатысуға мүмкіндік бергені үшін университет басшылығына — Президент Серік Азтаевичке, Бірінші вице-президент Анар Базарқызына, Қаржы директоры Алмас Тынышбайұлына, ПИ директоры Жанна Қуанышқызына, сондай-ақ табиғи ғылымдар кафедрасының оқытушыларына алғыс білдірді. Студенттерге одан әрі интеллектуалдық даму мен кәсіби шыңдалуды тіледі.Топ жетекшісі – п.ғ.к., доцент Нургалиева Д.А. Сонымен қатар бүгінгі таңда  Мусабаева Бинур Хабасовна, Медеубаева Балжан Заруетовна, Жумагалиева Жаркын Жакиевна, Нургазина Гульнар Мурзакановна, Болысбекова Салтанат Манарбековна, Утемисова Арайлым Жубаткановна, Ораз Сымбат Альхановна, Сагынбаева Акнур Бакытжановна, Мараткызы Алуа қатарда оқытушыларды өз үлестерін қосуда.

 

 

 

 


1256