AIU өкілі №73 мектеп-лицейінде ғылыми зерттеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған дәріс өткізді

2025 ж. 1 жел., дс, 12:53

2025 жылғы 28 қарашада Astana International University аға оқытушысы, магистр Самал Жамалова Астанадағы физика-техникалық бағыттағы №73 мектеп-лицейдің оқушыларына «Ғылыми зерттеу: оқушыларды ғылымға баулу» тақырыбында дәріс оқыды.

Іс-шара физика және информатика пәні мұғалімдерінің әдістемелік апталығы аясында ұйымдастырылды. Дәрістің мақсаты мектеп оқушыларының ғылыми зерттеуге қызығушылығын арттыру, зерттеушілік дағдыларын дамыту және оларды жобалық жұмыстарға ынталандыру.

Баяндама барысында қатысушыларға ғылыми зерттеудің негізгі кезеңдері, зерттеу сұрағын дұрыс қою тәсілдері, экспериментті жоспарлау және нәтижелерді рәсімдеу тәртібі түсіндірілді. Сонымен қатар, зертханалық және жобалық жұмыстарды ұйымдастырудың заманауи әдістері ұсынылды. Спикер ақпараттық технологиялардың қазіргі ғылымдағы маңызына, деректерді жинау мен талдауға арналған цифрлық құралдарды пайдалану тәсілдеріне тоқталды.

Самал Жамалова оқушылардың ғылымға ерте араласуы олардың сыни ойлауын, жауапкершілігін және дербестігін қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша, зерттеу мәдениетін мектеп кезеңінен бастап дамыту - болашақта білікті мамандарды даярлаудың маңызды бөлігі.

Дәріске қатысқан оқушылар ұсынылған материалдарға ерекше қызығушылық танытып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Олар ғылыми жобалар мен конкурстарға қатысудың мүмкіндіктері жайында мол мағлұмат алды.

AIU мен №73 мектеп-лицей арасындағы ынтымақтастық - оқушылар арасында ғылыми сауаттылықты арттыруға, зерттеушілік құзыреттерді дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір қыры. Университет өкілдері мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

 

 


1474