Қазақстан мен Қытай арасындағы достық байланыстарды
нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Пекин тіл және мәдениет университетінің Президенті
Дуань Пэн «Достық» орденінің II дәрежесімен марапатталды. Жоғары мемлекеттік
награданы Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және
Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышев табыстады.
Марапаттау рәсімі барысында Қазақстанның дипломатиялық
миссиясының басшысы аталған орденнің маңыздылығына тоқталып, Пекин тіл және
мәдениет университетінің Қазақстан үшін білікті кадрлар даярлау ісіне қосқан
үлесін ерекше атап өтті. Айта кету керек, Қазақстан Республикасының Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаев дәл осы оқу орнында білім алған. Бүгінде университет бұл
игі дәстүрді жалғастырып, қазақстандық жастарды Бейжің қаласында да, Астана
қаласындағы филиалында да даярлап келеді.
Белгілі болғандай, Пекин тіл және мәдениет
университетінің Астанадағы филиалы 2024 жылы екі елдің мемлекет басшыларының
қатысуымен Астана халықаралық университетінің базасында салтанатты түрде
ашылған болатын. Қазіргі таңда филиалда 250-ге жуық студент білім алуда.
Айта кетейік, «Достық» ордені халықтар арасындағы
бейбітшілік, өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан ерекше
еңбегі үшін табысталады және Қазақстан Республикасының беделді мемлекеттік
наградаларының бірі саналады.

