Қазақстан
Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында 2026 жылы 4-ақпан күні «Ұлы
дала перзенті» атты кітаптың салтанатты тұсаукесері өтті. Кітаптың
тұсаукесер-таныстырылымына қаламыздың зиялы қауым өкілдері, кітапхана
қызметкерлері, ЖОО-нан, оның ішінде Астана халықаралық университетінің
оқытушы-ғалымдары, магистранттар мен студенттер, жалпы оқырмандар және БАҚ
өкілдері қатысты.
Кітап
авторлары – ҚР-ның мәдениет қайраткері, профессор Нәбиолда Кемешов пен
кітапхана ісінің ардагері Нұрғайни Мұқанова. Бұл кітап – бала кезінен
қиын еңбекке ерте араласқан, Қазақстандағы ең алғашқы комбайнды тізгіндеген
– еңбек даласының дара тұлғасы, бала комбайншы Айтжан Башимованың өмірі
мен еңбек жолына арналған тағылымды туынды. Балалық шағы ашаршылық пен соғыс
ауыртпалығына тұспа-тұс келген Айтжанның тағдыры – тұтас бір дәуірдің тарихы.
Кітапта оның еңбекке адалдығы, сіңірген еңбегі, өнегелі өмірі жан-жақты
баяндалады.
Айтжан
Башимова 1941 жылы соғыс басталғанда небәрі 13 жаста болып, Өскемен қаласындағы
№7 кәсіптік-техникалық училищеге оқуға түседі. Механизатор мамандығын алып, 14
жасынан бастап комбайн тізгіндейді.
Елге еткен
елеулі еңбегі жоғары бағаланып, 35 жасында Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің депутаты
болып сайланады. «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «1941-1945 жылдары Ұлы Отан
соғысында көрсеткен ерен ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталған.
Кітапта
Айтжан Башимова жайлы Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінде,
Шығыс Қазақстан облысының архивінде сақталған жеке қор құжаттары мен
ауылдастардың, жақын-туыстардың Айтжан апай жайлы сұхбаттары, естеліктері,
фото-суреттері топтастырылған. Еңбек арқылы ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан
қайсар қазақ қызының тағдыры мен ерлігі жас ұрпаққа үлгі ретінде ұсынылған.
Қазақстан
Республикасының Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Білім келешегі:
адал азамат, кәсіби маман» тақырыбындағы 2025 ж. тамыз конференциясының
пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде « ...Биылдан бастап елімізде «Адал
азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы жүзеге асырыла бастайды. Бұл
бағдарламаны барлық мектеп, соның ішінде жекеменшік мектептер де қолданады.
Сондай-ақ мен осы жобаны педагог мамандар даярлайтын жоғары оқу орындарына да
енгізуді ұсынамын» - деген болатын. Шынында, кезінде ғұлама ғалым
Әл-Фараби бабамыз айтқан «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы»
деген ғибраттық сөзі бүгінде өте құнды. Жаңа тұрпатты жастарымызды отаншыл,
білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ етіп тәрбиелесек, еліміз өзінің
мақсат-мұраттарына қол жеткізетіні сөзсіз. Ойлаған адамға «Адал азамат» қоғам
дамуының барлық кезеңінде болған және де бола бермек. Ендеше, Айтжан апамыз-да
өз дәуірінің адал азаматы. Өйткені ол өз еліне, өз қоғамына және жасаған
іс-әрекетіне аса жауапкершілікпен қарап, шынайылық танытқан тұлға. Адал
азаматтың негізгі құндылығы оның адалдығында. Ендеше бүгінгі ұрпақ Айтжан
апамыздың өмірінен үлгі алып жақсы мен жаманның, ақ пен қараның арасын ажырата
білуі керек.
Астана халықаралық университетінің профессоры, т.ғ.к. Өскембаев Қ.С.

