2025 жылғы 23 мамырда Astana International University-де
«Қазақстан Республикасының ҚК, ҚПК, ҚАК және ӘҚБтК-на 10 жыл: қорытындылар, қолдану тәжірибесі және даму болашағы» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференцияға Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты, Орталық сайлау комиссиясы, Парламент, Жоғарғы Сот, Әділет министрлігі, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, сондай-ақ М.В. Ломоносов атындағы ММУ, ММЮА, РМҚУ және Пятигорск мемлекеттік университеті сияқты отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысты.
Қатысушылар соңғы он жылда қолданылып келе жатқан негізгі кодекстердің нәтижелері, құқық қолдану тәжірибесі, оларды жетілдіру мүмкіндіктері мен халықаралық стандарттармен өзара байланысы бойынша пікір алмасты.
📚 Конференция аясында заң ғылымдарының докторы, профессор Исидор Шамилұлы Борчашвилидің (AIU) екі монографиясының тұсаукесері өтті:
– «Іс-әрекеттің қылмыстылығын жоққа шығаратын мән-жайлар»
– «Отбасы мен кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар: заң, теория және тәжірибе»
Талқылау нәтижелері бойынша қылмыстық саясаттың жаңа тұжырымдамасын әзірлеу, кодекстерді жаңарту, жекелеген нормаларды қайта қарау, әкімшілік саланы цифрландыру, сондай-ақ заңгерлік білім беруді реформалау мен заң шығару процесіндегі ғылыми сараптаманы күшейту бойынша ұсыныстар қамтылған ұсынымдар жобасы дайындалды.
📍 Конференция ұсынымдары Қазақстан Республикасы Парламентіне, Әділет министрлігіне, Ғылым және жоғары білім министрлігіне жолданып, қылмыстық және әкімшілік заңнаманы жетілдіру мақсатында қаралатын болады.
AIU университеті барлық қатысушыларға мазмұнды баяндамалар мен кәсіби ұсыныстары үшін алғыс білдіреді.