Жаңалықтар

...
ҚР Мәжіліс депутаты Ажар Бақытқызы Сагындыкова AIU университетінде қонақ дәрісін өткізді
2025 ж. 15 қыр., дс, 11:03


2025 жылдың 15 қыркүйегінде Астана Халықаралық университетінің Педагогикалық институты ұжымы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ажар Бахитқызы Сагындыкованың қонақ дәрісін ұйымдастырды. Дәріс тақырыбы: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын талқылау: “Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу жолдары”» болды.

Модератор ретінде студенттермен кездесуді Халықаралық ынтымақтастық және студенттік істер жөніндегі вице-президент Қайрат Амангелдіұлы Абдрахманов жүргізді.

. Әңгіме барысында экология мәселелері, жасанды интеллектті қоғамды дамыту құралы ретінде қолдану, нөлдік төзімділік қағидаты, сондай-ақ су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелері қозғалды.

Студенттер белсенді түрде сұрақтар қойып, келесі тақырыптарға қызығушылық танытты:

·                      саясаттағы әйелдер кездесетін қиындықтар;

·                      жастарды жұмыспен қамтуды қолдауға бағытталған Парламент бастамалары;

·                      болашақ мұғалімдер ретінде оқушыларға осындай мемлекеттік бастамалар мен Жолдаудың негізгі ойларын жеткізудің маңызы.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, студенттерге үлкен әсер қалдырды. Жастардың елдің стратегиялық дамуы мәселелерін талқылауға белсенді қатысуының маңыздылығы тағы бір рет айқын көрсетілді.

 

...
AIU Педагогикалық институтының магистранттары республикалық ғылыми байқауларда жүлдегер атанды
2025 ж. 2 қыр., сс, 05:37

  Педагогикалық институттың «Химия» білім беру бағдарламасының магистранты Рамазан Жұлдызай Рамазанқызы республикалық ғылыми-зерттеу жұмыстары байқауында II дәрежелі диплом иегері атанды.
Бұл жетістік – оның табандылығының, білімге деген құштарлығының және ғылымға адалдығының нәтижесі.
   Ғылыми жетекшісі – химия ғылымдарының кандидаты, профессор Мусабаева Б.Х. көрсеткен қолдауы мен жетекшілігі үшін алғыс білдіреміз.Сонымен қатар, «Математика» білім беру бағдарламасының магистранты Альманова Балнур Кулболовна «Ең үздік ғылыми-зерттеу жұмыстарына арналған республикалық байқауда» III орын иеленді.
  Бұл жетістік оның жауапкершілігі мен табандылығының, ғылыми көзқарасының дәлелі.Ғылыми жетекшісі – Нурахметов Даулет Багдатовичке кәсіби қолдауы мен көмегі үшін алғысымызды білдіреміз. Магистранттарымызды және олардың ғылыми жетекшілерін құттықтаймыз! Ғылым жолында жаңа табыстар тілейміз!

 

 

...
Самарханов Талант Нұржақыпұлын сирек өсімдіктерді зерттеуге арналған ғылыми жобасы грант иегері атануымен құттықтаймыз!
2025 ж. 25 шіл., жм, 13:02

Жоба атауы:
«Prunus, Sibiraea және Rosa (Rosaceae) тектес өсімдіктердің Қазақстандағы таралуы мен дамуын геоэкологиялық және молекулалық-генетикалық бағалау, мониторингі»

Қазақстанда бірегей ғылыми жоба бастау алды!
Astana International University жанындағы "NatureLaB" зертханасы Алтай, Тарбағатай, Мұғалжар және Батыс Тянь-Шань тауларында өсетін Rosa, Prunus және Sibiraea тектес сирек әрі эндемикалық өсімдіктерді зерттеуге кірісті.

Жоба аясында заманауи әдістер кешені қолданылады: ДНҚ-талдау мен секвенирлеу, NDVI спутниктік мониторингі, өсімдіктер физиологиясын бағалау, ареалдарды модельдеу (MaxEnt, QGIS).
Жобаның мақсаты - сирек популяциялардың генетикалық және экологиялық жағдайын жан-жақты бағалау, олардың сыртқы орта факторларына бейімделу деңгейін анықтау және ғылыми негізделген сақтап қалу бойынша ұсыныстар әзірлеу.

Зерттеу нәтижелері NCBI, GBIF, iNaturalist сияқты халықаралық ғылыми базаларда жарияланып, жетекші ғылыми журналдарда жарық көреді.
Жоба жетекшісі - PhD, Astana International University-дің қауымдастырылған профессоры Талант Самарханов.

Жаңалықтардан хабардар болыңыз - ғылым Қазақстан табиғатының жүрегінде басталады!

...
Дамекова Сауле Қайроллақызын ғылыми жобасы грант иегері атануымен құттықтаймыз!
2025 ж. 25 шіл., жм, 12:48

Жасанды интеллект өміріміздің барлық салаларына нық қадаммен еніп жатыр.
Қазір «Жасанды интеллект адамды алмастырмайды, жасанды интеллектіні қолдана білетін адамдар оны қолданбайтындарды алмастырады» деген тұжырым аксиомаға айналды.

Болашақ ұрпақтарымыз - оқушылар мен студенттер - бәсекеге қабілетті болуы үшін ЖИ құралдарының мүмкіндіктерін толық меңгеруі қажет. Ал оларды бұл бағытта кім үйретеді? Әрине, әлеуметтік орта, отбасы және ең бастысы - ұстаздар. Ал ұстаздардың өздерін де ЖИ-ді өмірде және педагогикалық қызметте қалай тиімді қолдану керектігіне үйрету қажет.

Жасанды интеллектіні ойланбай, жүйесіз пайдалану ұстаз бен оқушының интеллектуалды дамуына зиян тигізуі мүмкін. Бұл - сыни ойлау мен мәселе шешу дағдыларының төмендеуіне, ЖИ-ге шамадан тыс тәуелділікке алып келеді. Егер ЖИ үнемі дайын жауап пен шешімді ұсынып отырса, адамда өз бетімен ойлау, ақпаратты талдау, шешім табу дағдылары дамымай қалады. Сонымен қатар, ЖИ өз шешімдерінің логикасын түсіндірмей тұжырым ұсынуы мүмкін. Бұл адамға нәтиженің қалай алынғанын түсінуге кедергі келтіріп, аналитикалық қабілетін тежейді. Кей кездері ЖИ шындықты бұрмалап, жалған, толық емес немесе бұрыс ақпарат ұсынуы мүмкін.

Бұған қоса, ЖИ-ге шамадан тыс тәуелділік адамның жады мен оқу қабілеттерін әлсіретеді, когнитивті функцияларын төмендетеді, пәнді терең түсінуге және білімді орнықты меңгеруге кедергі келтіреді, шығармашылық пен танымдық белсенділікті азайтып, әлеуметтік-эмоционалдық деградацияға, эмоциялық интеллект пен эмпатияның төмендеуіне әкеледі.

Мұның алдын алу үшін ЖИ-мен жұмыс істеуде ғылыми негізделген, жүйелі тәсіл қажет. Жасанды интеллект адам мүмкіндіктерін кеңейтетін құрал ретінде қолданылуы тиіс, бірақ адамды алмастырушы ретінде емес.

Бүгінге дейін ЖИ негізінде болашақ мұғалімдердің сыни ойлауын дамытуға бағытталған зерттеулер болған жоқ.

Осы мәселені шешу үшін Астана халықаралық университетінің ғалымдары гранттық қаржыландыруға ие болды. «Болашақ информатика мұғалімдерінің сыни ойлауын ЖИ құралдары негізінде дамыту» жобасы Педагогикалық институттың доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Дамекова Сәуле Қайроллақызының жетекшілігімен жүзеге асады.

Жобаның мақсаты - болашақ информатика пәні мұғалімдерінің сыни ойлауын дамытуға бағытталған білім беру модульдері мен ЖИ симуляторларын әзірлеп, оларды университеттің оқу процесіне енгізу және олардың тиімділігін бағалау.

Сонымен қатар, ЖИ негізінде инновациялық білім беру симуляторын жасап шығару жоспарланған. Бұл құрал болашақ информатика мұғалімдерінің сыни ойлау дағдыларын және мектепте осы дағдыны оқыту әдістерін меңгеруін қамтамасыз етеді.

Жоба Нью-Йорк қаласындағы Колумбия университетінің ғалымдарымен бірлесіп жүзеге асырылады. Бұл халықаралық тәжірибені әдістемелік жүйеге енгізуге мүмкіндік береді. Жобаның нәтижелері басқа елдердің білім беру бағдарламаларына да бейімделіп, енгізілуі мүмкін. Бұл өзара тәжірибе алмасу мен халықаралық серіктестікке жол ашады.

Жобаның нәтижелерін кең ауқымда қолдануға болады:

·         Білім беру саласында: әзірленген білім беру модульдері мен ЖИ симуляторы педагогикалық жоғары оқу орындарының бағдарламасына енгізілуі мүмкін.

·         Ғылымда: жобаның нәтижелері білім беру технологиялары, педагогика және ЖИ саласындағы ғылыми зерттеулерге негіз бола алады. Бұл саладағы зерттеулер жаңа алгоритмдер мен әдістердің пайда болуына, ЖИ-дің білім беру саласындағы мүмкіндіктерінің кеңеюіне, тиімді, қолжетімді және әділетті білім беру жүйелерінің құрылуына алып келуі мүмкін.

...
География білім беру бағдарламасының 1-курс студенттері Қарқаралы ұлттық паркінде оқу-далалық тәжірибеден өтті
2025 ж. 24 мау., сс, 04:09

2025 жылдың 9–13 маусым аралығында Астана халықаралық

университетінің Педагогикалық институтына қарасты География білім беру

бағдарламасының 1-курс студенттері Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи

паркінде оқытушылар Самарханов Т.Н. және Сағынбаева А.Б. жетекшілігімен

оқу-далалық іс-тәжірибеден өтті.

Студенттер аймақтың жер бедерін, өсімдік жамылғысын, топырақ

құрылымын, су ресурстарын және ландшафтық ерекшеліктерін зерттеді.

Сонымен қатар, студенттер Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи

паркі ұйымдастырған экологиялық акцияға белсенді қатысып, парк

аумағындағы белгіленген туристік маршруттар бойымен жүріп өтіп, тазалық

жұмыстарын жүргізді. Бұл шара жастардың табиғатқа жанашырлық

көзқарасын қалыптастырып, экологиялық мәдениетін арттыра түсті.

Оқу-далалық тәжірибе студенттердің кәсіби даярлығын арттырып,

болашақ географ-ғалым немесе мұғалім ретінде қалыптасуына зор үлес

қосты. Қарқаралы табиғатының байлығы мен алуан түрлілігі студенттерге

үлкен әсер қалдырып, олардың табиғи ортаға деген қызығушылығын одан әрі

арттырды.

...
AIU Dyslex Home School мектебімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
2025 ж. 28 мам., ср, 10:49

2025 жылғы 28 мамырда Астана Халықаралық Университеті (AIU) мен Dyslex Home School мектебі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Dyslex Home School — Қазақстан мен ТМД елдеріндегі дислексиясы бар балаларды Рональд Дейвис әдістемесі бойынша оқытатын алғашқы және жалғыз мектеп.

Ынтымақтастықтың мақсаты — Қазақстандағы инклюзивті білім беруді дамытуда стратегиялық серіктестік орнату, сондай-ақ білім беру, ғылыми және тәжірибелік салаларда өзара тиімді байланыс қалыптастыру. Негізгі бағыттардың бірі — AIU студенттеріне кәсіби тәжірибеден өту мүмкіндігін ұсыну, бірлескен жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ педагогикалық ғылымдар бағыты бойынша мамандарды даярлау және қайта даярлау бағдарламаларын ұйымдастыру.

Қазіргі уақытта дислексия, дисграфия және дискалькулия сияқты нейроерекшеліктер туралы ақпараттандыру өзекті болып отыр. Бұл ерекшеліктер интеллектінің бұзылуымен байланысты емес, бірақ ерекше педагогикалық тәсілді қажет етеді. Мұндай балалар көбінесе шығармашылық ойлау қабілетіне ие болса да, дәстүрлі оқу жүйесінде қиындықтарға тап болады.

Dyslex Home School – оқу, жазу және есептеу қиындықтары бар балалардың әлеуетін ашуға көмектесетін, оларға жайлы әрі түсіністік ортада білім алуға мүмкіндік беретін Рональд Дейвис әдістемесін қолданатын мектеп.

Қол қойылған меморандум – оқуда қиындықтары бар балалармен тиімді жұмыс істей алатын жоғары білікті педагогтарды даярлауға бағытталған жүйелі жұмысты қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. AIU инклюзивті білім беруді дамытуды жалғастыра отырып, педагогикалық ғылым мен тәжірибенің көкжиегін кеңейтуде.

 

...
«Ғылымдағы тіл стратегиясы: мәселелер мен шешу жолдары» атты республикалық семинар-кеңес
2025 ж. 26 мам., дс, 05:54

2025 жылғы 22 мамыр күні  Астана халықаралыық университеті Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы және ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясымен біріге отырып, «Ғылымдағы тіл стратегиясы: мәселелер мен шешу жолдары» атты республикалық семинар-кеңес өткізді. Семинар- кеңестің мақсаты: Ғылыми кеңістікте мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту. Семинарға жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының мемлекеттік тілді дамытуға жауапты лауазымды тұлғалары, Жоғары және жоғары оқу орнынын кейінгі білім, Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеттерінің, Жоғары оқу орындары қауымдастығының өкілдері қатысып,  ғылыми мақалалардың, диссертациялық жұмыстардың, ғылыми және ғылыми-техникалық жобалардың және құжат айналымның мемлекеттік тілде жазылуын қамтасыз етуде әкімшілік ұйымдастырушылық процесті жетілдіру бойынша пікір алмасты.

Семинар-кеңестің ашылуы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы, ф.ғ.к. Ербол Ердембекұлы Тілешовтың Кіріспе сөзімен басталып, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, ф.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА академигі Шерубай Құрманбайұлының «Ғылымдағы терминологияны жетілдіру мен бірізділендірудің өзекті мәселелелері» және Астана халықаралыық университетінің вице-президенті Қайрат Амангелдіұлы Абдрахмановтың «Білім беру үрдісі барысындағы құжат айналымдағы тіл заңнамасының сақталуы» және басқа да баяндамаларымен жалғасты. Семинар-кеңесте еліміздің ЖОО-дарында қазақ тілінде жарияланған ғылыми мақалалар, құжат айналымының қазақ тілінде қаншалықты деңгейде жүргізіліп жатқанына сараптама жасаған ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті Тіл заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету басқармасының бас сарапшысы, ғылым докторы Берікхан Иісбекұлының «Ғылымдағы тілдік ахуал: жетістіктері мен мәселелері» тақырыбындағы баяндамасы қатысушылар назарын аударды.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Тіл саясаты комитеті басшыларының айтуы бойынша барлық ЖОО-лардың құжат айналымы және қазақ тіліне қатысты басқа да шаралар бұдан әрі қатаң қадағаланып, назарда болады. Қазақ тіліне деген бұл жаңа бетбұрыс игі нәтижесін береді деген ойдамыз.

 

 

 

...
AIU-де қауымдастырылған профессор Сейсекүл Көшімбетованың 45 жылдық педагогикалық қызметіне арналған республикалық ғылыми семинар өтті
2025 ж. 19 мам., дс, 10:38

2025 жылғы 16 мамырда Astana International University-де Педагогикалық институттың ұйымдастыруымен «Ұлттық құндылықтар негізіндегі білім беру жүйесі: саралау, жүйелеу, негіздеу» атты республикалық ғылыми семинар өтті. Бұл маңызды ғылыми шара көрнекті педагог, профессор Сейсекүл Айтжанқызы Көшімбетованың білім беру саласындағы 45 жылдық қажырлы еңбегіне арналды.


Семинарды университеттің Педагогикалық институтының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Жанна Қуанышқызы Ахмадиева ашты. Қонақтарға арнап құттықтау сөз сөйлегендер қатарында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, AIU вице-президенті, биология ғылымдарының докторы Анар Мырзагалиева, «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қауымдастығының негізін қалаушы Асан Нұркенов, «Қара шаңырақ» ҚБ директоры, этнолог, ҚР Журналистер одағының мүшесі Тұрар Саттарқызы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Абдимажит Саипов, сондай-ақ аталған университеттің Педагогика кафедрасының профессоры Қадиша Шалғынбаева және профессор, педагогика ғылымдарының докторы Заида Жұмабаева болды.


Семинар барысында ұлттық құндылықтарды білім беру жүйесіне енгізу, оқытушының тұлғалық рөлі мен тәрбиелік миссиясы, сондай-ақ Сейсекүл Айтжанқызының педагогикалық феномені мен мұрасына арналған мазмұнды баяндамалар тыңдалды. Ұстаздың шәкірттері де өз естеліктерімен бөлісіп, рухани сабақтастықты жалғастырды.


Іс-шараның шарықтау шегі ретінде Сейсекүл Көшімбетованың «Парасат жолы» атты кітабының тұсаукесері өтті. Бұл еңбек – автордың өмірлік тәжірибесі мен ұстаздық ұстанымдарын, парасат пен адамгершілікке негізделген педагогикалық философиясын паш ететін құнды туынды. Семинар соңында Сейсекүл Айтжанқызы қорытынды сөз сөйлеп, өмірлік және кәсіби жолында бірге болған әріптестеріне, шәкірттеріне және университет ұжымына алғысын білдірді.


Семинар қонақтары мен қатысушыларына арналған дәстүрлі мерекелік дастархан жылы лебіздер мен рухани ықыласқа толы форматта өтті. Шара аясында айтылған ойлар мен ұсыныстар қазіргі білім беру жүйесін ұлттық құндылықтармен сабақтастыра отырып жаңғыртуға серпін берді.

Astana International University ұжымы Сейсекүл Айтжанқызы Көшімбетоваға отандық педагогикаға сіңірген өлшеусіз еңбегі үшін алғыс білдіреді. Жоғары білім беру саласында бірнеше буын ұстаздарды тәрбиелеп, ғылыми ортада өз орнын қалыптастырған, Жамбыл облысына еңбегі сіңген құрметті профессор Сейсекүл Айтжанқызына Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаевтың атынан құрметпен Алғыс хат табысталды.

Сондай-ақ, семинарға қатысқан барша қонақтар мен баяндамашыларға ғылыми-әдістемелік пікір алмасуға қосқан үлестері үшін AIU ұжымы шынайы ризашылығын білдіреді. Мұндай кездесулер білім мен тәжірибе алмасудың тиімді алаңы бола отырып, болашақ педагогтарды даярлау ісінде маңызды рөл атқарады.

...
AIU оқытушысы Республикалық ғылыми-әдістемелік семинарға қатысты
2025 ж. 19 мам., дс, 04:49

2025 жылғы 15 мамырда AIU-дың физика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD, физика-математика ғылымдарының кандидаты Нұркенов Серік Амангельдинұлы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен И. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университеті ұйымдастырған «Физика және информатика пәндері бойынша олимпиаданы ұйымдастырудың заманауи тәсілдері» атты республикалық ғылыми-әдістемелік семинарға қатысты.

Семинар аясында Серік Амангельдинұлы «Физика пәнінен студенттерді олимпиадаларға дайындаудың тиімді тәсілдері» тақырыбында баяндама жасап, дарынды оқушылардың зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған озық әдістемелермен, халықаралық білім беру бағдарламаларындағы және ұлттық жобалардағы тәжірибесімен бөлісті.

Аталған семинар – зияткерлік жарыстарды ұйымдастырудың заманауи әдістерін, білім беру үдерісіне цифрлық технологияларды енгізуді және оқушылар мен студенттердің ғылымға қызығушылығын арттыру жолдарын талқылауға арналған тиімді алаң болды.

AIU университеті еліміздің ғылымы мен біліміне үлес қосып жүрген ұстаздарымен мақтанады.

...
AIU оқытушылары жасанды интеллект тақырыбындағы халықаралық конференцияда баяндамалар жасады
2025 ж. 15 мам., бс, 12:15

2025 жылғы 12 мамыр күні Астана қаласы әкімдігінің "№101 орта мектеп" КММ базасында «Жаратылыстану мен математикалық ғылымдар саласындағы жасанды интеллект: инновациялар және келешек мүмкіндіктері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Семинардың басты мақсаты – жаратылыстану және математика ғылымдарының түрлі салаларында жасанды интеллект технологияларын қолданудың заманауи тәсілдерін талқылау, ғылыми қауымдастық, жас ғалымдар мен практик-мамандар арасында тәжірибе алмасу, ынтымақтастықты нығайту және жаңа ғылыми жобаларға жол ашу.

Іс-шараға Ресей, Өзбекстан, сондай-ақ Алматы қаласы, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау облыстары мен Семей қаласы және елорданың мектептерінен математика, физика, информатика пәндерінің мұғалімдері қатысты.

Астана халықаралық университетінің атынан конференцияда екі баяндама ұсынылды:

🔹 «Математика мұғалімдерін даярлауда жасанды интеллектіні қолдану әдістемесі» тақырыбында – Анияров Альмир Асқарович, физика-математика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор;

🔹 «Artificial intelligence in quantum mechanics» тақырыбында – Нуркенов Серик Амангелдинович, PhD, физика-математика ғылымдарының кандидаты, «6В01505 – Физика» білім беру бағдарламасының жетекшісі, қауымдастырылған профессор.

AIU оқытушыларының баяндамалары жасанды интеллектті білім беру мен ғылым саласына интеграциялаудағы жаңа мүмкіндіктерді ашып, қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Астана халықаралық университеті атынан конференцияға қатысқан әріптестерімізге ғылыми белсенділіктері үшін алғыс білдіреміз!

 

 

...
AIU студенттері информатика пәні бойынша республикалық олимпиадаға қатысып, алғыс хатпен марапатталды
2025 ж. 15 мам., бс, 12:12


2025 жылғы 25 сәуір күні КеАҚ «Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті» ұйымдастырған «В011 - Информатика мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламалары тобы бойынша Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындарының студенттері арасында өткен республикалық пәндік олимпиадаға Астана халықаралық университетінің студенттері қатысты.

Университет атынан Информатика-21А тобының студенті Дарьябаев Жақсылық Қонысбайұлы және Информатика-24А тобының студенті Қадыржан Эльдар Нысанұлы өз білімдерін сынап қайтты. Команданың жетекшісі — Педагогикалық институттың аға оқытушысы, магистр Жамалова Самал Арыновна.

Астана халықаралық университетінің командасы пәндік білім мен кәсіби дайындығы үшін ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хатпен және Сертификатпен марапатталды.

Университетіміздің студенттерін және жетекшісін құттықтаймыз! Республикалық деңгейдегі білім бәйгесінде белсенділік танытып, AIU атын биікке көтергендеріңіз үшін алғысымыз шексіз!